Әлеуметтік қызметтер порталы

Әлеуметтік қызметтер порталы

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – денсаулықты қалпына келтіруге және нығайтуға, аурулардың асқынуының алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдар медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері бойынша әзірленген абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында (АОЖБ) көрсетілген ұсынымдарға сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін алуға құқылы.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 283 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну қағидаларына» сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу мүгедектігі бар адамға күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық емес, ұзақтығы 14 (он төрт) тәуліктен аспайтын мерзімге ұсынылады.
Санаторийлік-курорттық емдеуге жұмсалған шығындардың өтемақысын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады және бұл мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қолдауға әрі жалпы физикалық жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік оңалту шараларының бірі болып табылады. Санаторийлік-курорттық емдеу орнына бару және кері қайту жолақысы мүгедектігі бар адамның өз қаражаты есебінен төленеді.
Санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін алу Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Портал қызмет алушыларға жеке қажеттіліктері мен қалауларын ескере отырып, тиісті қызмет көрсететін ұйымды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Санаторийлік-курорттық емдеуді алу үшін:
1)санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алу жөнінде ұсынымы бар қолданыстағы абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы болуы;
2)электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, Әлеуметтік қызметтер порталында авторлану;
3)порталда тіркелген ұйымдардың арасынан санаторийлік-курорттық емдеу қызметін көрсетушіні таңдау;
4)қызметті алуға электрондық тапсырыс рәсімдеу;
5)өтінім расталғаннан кейін белгіленген мерзімде санаторийлік-курорттық емдеуден өту қажет.
Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік қолдау шараларын көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, қызмет көрсетушіні таңдауға мүмкіндік береді және көрсетілетін оңалту іс-шараларының сапасын арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруді жалғастыруда, олардың денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік бейімделуіне және дербестік деңгейін арттыруға бағытталған оңалту қызметтерінің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде.
Құрметті қызмет алушылар!
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеуді алу мәселелері бойынша тұрғылықты жеріңіздегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіне аласыз. Мамандар тапсырысты рәсімдеу және қызмет көрсетушіні таңдау мәселелері бойынша қажетті консультациялық көмек көрсетеді.