
Ана мен баланы қолдау – мемлекеттің басты бағыттарының бірі.
Бүгінде мемлекетімізде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әр түрлі өмірлік жағдайды қарастырады және мемлекеттік бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 5 түрін қамтиды. Атап айтқанда:
– бала туғанда берілетін жәрдемақы;
– бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;
– көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы;
– көп балалы анаға берілетін жәрдемақы;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы санатына кіретін, жұмыс істейтін ата-анаға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жүктілікке және босануға байланысты, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша екі түрлі төлем төленеді.
Әлеуметтік салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жетілдіру мақсатында отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалық енгізілді. Соның бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылуы.
Жаңа туған сәбидің жанында болу – әрбір ана үшін маңызды. Ендеше, бұл – аналарға жасалып отырған үлкен қолдау. Осы ретте аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады.
Мемлекеттік бюджеттен алғашқы жәрдемақы баланың туылуына байланысты төленеді. Алғашқы үш балаға бір мезгілде 38 айлық есептік көрсеткіш төленеді, бұл 2026 жылы 164350 теңгеге тең. Төртінші және одан кейінгі балалардың тууына - 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 272475 теңге.
Бұл ретте 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақылар да, әлеуметтік төлемдер де бір жарым жылға дейін төленеді.
Бірінші балаға айына 5,76 айлық есептік көрсеткіш қойылды - 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл 24912 теңге. Екіншісіне - 6,81 айлық есептік көрсеткіш - 29454 теңге, үшіншісіне - 7,85 айлық есептік көрсеткіш - 33952 теңге, төртіншісіне және одан кейінгі балаларға - 8,9 айлық есептік көрсеткіш - 38493 теңге.
Сондай-ақ, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білгені жөн. Бұл төлем бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған табыстың 40 пайызына тең. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейін, соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әрбір бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізілгені белгілі. Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар көпбалалы болып саналады.
Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2026 жылы 71192 теңгені құрады.
Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты да өсті:
Төрт баласы бар отбасыларға ай сайын 69330 теңге, бес баласымен - 86673 теңге, алтауымен – 104017 теңге, жеті баламен – 121360 теңге, сегізінші және кейінгі бала - әрқайсысына 17300 теңгеден.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебені «Күміс алқа», «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі. Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
«Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды – 32005 теңге, «Күміс алқа» алқамен марапатталған аналарға - 27680 теңге (6,4 айлық есептік көрсеткіш).
Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылғанын көруге болады. Оған мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі, МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары кіретінін атап өткен жөн.