Зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік

Зейнетақы  жарналарының сақталуына кепілдік

 

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңына (әрі қарай – Заң) сәйкес, Мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының (әрі қарай – МЗЖ), мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының (әрі қарай – МКЗЖ) сақталуына кепiлдiк бередi.

Мемлекет кепілдігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10.04.2014 жылдан №341 қаулысымен бекітілген, зейнетақы төлемдерін алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы бойынша мемлекет кепілдіктерін инфляцияның деңгейін ескере отырып, орындау қағидаларымен анықталған.

Қағидаға сәйкес, инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы және зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі төленеді.

БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік мыналарға қолданылады:

      1) жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындауға жасы толған адамдарға – зейнеткерлік жасқа жеткен күнге. Қазіргі уақыттағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әйел адамдар – 60 жасқа, ер адамдар – 63 жасқа толғанда;

      2) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген жағдайда – зейнетақы жинақтарын алған күнге;

      3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде - зейнеткерлік жасқа жеткен күнге сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарын аударған күннен бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі кезеңге

      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткенін растайтын құжаттары тіркелген, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға - БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары алынған күнге;

      5) пайдасына тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және емделуіне ақы төлеу үшін міндетті зейнетақы жарналары есебінен біржолғы зейнетақы төлемдері құқығына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адамдар, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға аударуды жүзеге асырған адамдарға – салымшының уәкілетті оператор ашқан арнаулы шотына біржолғы зейнетақы төлемдері соңғы аударылған және (немесе) зейнетақы жинақтары инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына аударылған күннен басталатын кезеңге зейнеткерлік жасқа толған күнге.

Зейнетақы жинақтарының қалдық сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ ұсынады.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы:

      инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан артық немесе оған тең болғанда – айырма төлемі жүзеге асырылмайды және уәкілетті орган айырма төлемін тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады;

      инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан төмен болған жағдайда –айырма төлемі сомасының есебін мына формулаға сәйкес жүргізеді:

      Sn= Sn-1 *In +Pn,

      S= P1, мұнда.

      n – есепті ай;

      Sn – n айындағы инфляцияның деңгейін ескере отырып,салымшылардың (алушылардың) нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақыжарналарының сомасы, теңгемен;

      In – өткен айға қатысты n айындағы инфляцияның көрсеткіші, пайызбен;

      Pn – n айындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының түсуі, теңгемен;

Бұл ретте, тұтастай алғанда, ел бойынша тиісті кезең үшін инфляцияның деңгейі статистика жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылған деректеріне сәйкес алынады.

Зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын адамдарға мемлекеттік кепілдік төлемі бойынша айырма проактивтік қағидат бойынша өтініш бермей тағайындалады.

Проактивті қызмет көрсету кезінде Мемлекеттік корпорация халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушінің порталда тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөміріне проактивті қызметті көрсету және тілді таңдау туралы sms-хабар жібереді.