Зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді арттыру туралы

Зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді арттыру туралы

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, зейнетақы төлемдері мөлшерін жыл сайын арттыру республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген мөлшерде жүзеге асырылады.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап:

Жалақының ең төменгі мөлшері – 42 500 теңге;

Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге;

Ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңге;

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге;

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге мөлшерінде белгіленді.

Қайтадан тағайындалған зейнетақылардың мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2021 жылы 46 еселенген АЕК-тен (134 182 теңге) аспауға тиіс.

 

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшердің 7%-ына арттырылды.

Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақының, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын отбасыларға (адамдарға) мемлекеттік жәрдемақының, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

№1 және №2 Тізімдер бойынша берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақының, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақының, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың, төрт және одан да көп бірге тұратын жасы кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру мекемелерін аяқтайтын уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) мемлекеттік жәрдемақылардың, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылардың мөлшері АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

Мысалы:

Егер жасына байланысты зейнетақы мөлшері 60 000 теңгң мөлшерінде болса, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 7%-ға арттыруды ескере отырып 64 200 теңгені құрады (4200 теңгеге арттырылды).

Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 28 жыл болғанда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 29402 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 90%, 01.04.2020 жылдан ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 32668 теңге) құрады, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 30872 теңгені құрайды (1470 теңгеге арттырылды).

Асырауында болған 3 еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне тағайындалған асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 60436 теңгені (1,85 ең төменгі күнкөріс деңгейі, 01.04.2020 жылдан ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 32668 теңге) құраса, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 63459 теңгені құрайды (3023 теңгеге арттырылды).

№1 Тізімдер бойынша берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы мөлшері 26 169 теңгені (9,42 айлық есептік көрсеткіш, 01.04.2020 жылдан айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2778 теңге) құраса, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 27479 теңгені құрайды (1310 теңгеге арттырылды).

 

Сонымен қатар бүгінгі күндегі қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әйел адамдардың зейнеткерлікке шығу жасы 60-қа толғанда құрайды, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 жыл 6 айға толғанда және т.с.с. 63 жасқа толғанға дейін.

Мысалы, егер әйел адам 9 қараша 1961 жылы туған болса, оның зейнеткерлік жасы 9 қараша 2021 жылы, 60 жасқа толғанда болады.