Қазақстанда бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл жүйе 2023 жылдан бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте заңды түрде бекітілген. Әсіресе, бала өмірінің алғашқы айларында ата-аналарға көмек көрсетуге басымдық берілген.
Бірінші болып төленетін мемлекеттік көмек — бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы. Оған жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналар құқылы.
2025 жылы бұл жәрдемақының мөлшері:
149 416 теңге — бірінші, екінші және үшінші балаға (38 айлық есептік көрсеткіш – АЕК),
247 716 теңге — төртінші және одан кейінгі балаларға (63 АЕК).
Өтініш беру мерзімі — баланың туған күнінен бастап 18 ай ішінде. Жәрдемақыны eGov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы рәсімдеуге болады.
1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы
Бала дүниеге келген соң, ата-аналардың бірі баланы 1,5 жасқа толғанға дейін күтуге байланысты ай сайынғы жәрдемақыға өтініш бере алады. Бұл төлем республикалық бюджеттен бөлінеді және жұмыс істемейтін ата-аналарға (үй шаруасындағы аналар, студенттер, тіркелмеген жұмыссыздар және т.б.) арналған.
Жәрдемақы мөлшері отбасыдағы балалар санына байланысты:
22 649 теңге — бірінші балаға (5,76 АЕК),
26 777 теңге — екінші балаға (6,81 АЕК),
30 867 теңге — үшінші балаға (7,85 АЕК),
34 995 теңге — төртінші және одан кейінгі балаларға (8,90 АЕК).
Жәрдемақы eGov порталы арқылы немесе ХҚКО-да рәсімделеді. Егер баланың тууы туралы мәліметтер мемлекеттік базада тіркелген болса, бұл жәрдемақы проактивті түрде (өтінішсіз) тағайындалуы мүмкін.