2026 жылы мүгедектікті белгілеуге қатысты 400 астам өтінім сырттай форматта қаралды

2026 жылы мүгедектікті белгілеуге қатысты 400 астам  өтінім сырттай форматта қаралды

2026 жылдың басынан бастап Ұлытау облысында медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) шеңберінде мүгедектікті белгілеуге қатысты 428 өтінім сырттай форматта қаралды, бұл облыс бойынша куәландырудан өткен адамдардың жалпы санының 32,8%-ын құрайды.

Сырттай проактивті куәландыру бірқатар нозологиялық нысандар бойынша қолданылады. Олардың қатарына онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, балалардағы мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар кіреді.

2025 жылы нозологиялық нысандар тізбесі едәуір кеңейтілді. Оған шынайы гидроцефалия, бір немесе одан да көп аяқ-қолдың тұрақты айқын салдануы немесе терең парездері сияқты аурулар енгізілді.

Осылайша, қазіргі таңда сырттай форматтағы куәландыру 60-тан астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.