Мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша тексеру жүргізу

Мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша тексеру жүргізу

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдауға қомақты қаражат бөледі, сондықтан бұл қаражаттың заңнамаға сәйкес шын мәнінде оған мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету — біздің міндетіміз.

Азаматтарды сырттай-проактивті куәландыруға жолдау кезінде бұзушылықтар фактілерінің анықталуына байланысты мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша ел аумағындағы барлық аумақтық бөлімшелерді қамтитын тексерулер басталды.

Қолда бар материалдарға сәйкес, жекелеген медициналық ұйым қызметкерлері мен дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағаларының әрекеттерінде медициналық құжаттамаға жалған мәліметтер енгізу белгілері байқалады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы бойынша осындай 151 жағдай анықталды.

Жиналған барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Тексеру жалғасуда және Министрліктің қатаң бақылауында. Мемлекет әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу және алдау әрекеттерінің кез келгенін қатаң түрде тоқтатуды жалғастырады.