Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде енгізілді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер төмендегідей санаттарға бөлінеді:
1. Қордан еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Ол жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеу кезеңіне төленеді.
2. Қордан асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Ол асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқитындарға 23 жасқа дейін жүзеге асырылады.
3. Қордан жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босату себептеріне қарамастан тағайындалады. Төлем құқығы жұмыспен қамту орталығы немесе «Электрондық еңбек биржасы» порталы (enbek.kz) арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап туындайды. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40% құрайды.
4. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы жылдағы орташа айлық табысқа және еңбекке уақытша жарамсыздық күндерінің санына байланысты.
5. Бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туған күннен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі немесе одан да көп бала туған кезде төлем әр балаға бөлек тағайындалады.
Осылайша, белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтар жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда мемлекеттік жәрдемақы және Қордан әлеуметтік төлемдер ала отырып артықшылыққа ие болады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты Қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы алуға болады.