Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) – азаматтың мүгедектігін, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін анықтайтын мемлекеттік қызмет. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
Алдымен медициналық ұйым пациентке қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын жүргізеді. Организм функцияларының тұрақты бұзылыстары сақталған жағдайда және кемінде төрт ай өткен соң, емдеуші дәрігер құжаттарды дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қарауына ұсынады. ДКК оң шешім қабылдаса, пациент МӘС-ке жолданады.
Емдеуші дәрігер пациенттің медициналық құжаттарын электрондық жүйеде рәсімдеп, барлық қажетті зерттеу нәтижелері мен мамандардың қорытындыларын қоса тіркейді. Құжаттар ақпараттық жүйе арқылы Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер базасына жіберіледі.
Ақпараттық жүйе құжаттардың дұрыстығын тексергеннен кейін оларды көзбе-көз немесе сырттай проактивті куәландыруға жібереді. Көзбе-көз сараптама МӘС бөлімінде сарапшылардың қатысуымен жүргізілсе, сырттай проактивті куәландыру құжаттар негізінде эксаумақтық сарапшылардың қатысуымен 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сараптама нәтижесінде мүгедектік белгіленеді немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі анықталады. Сонымен қатар азаматқа абиллитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы, техникалық оңалту құралдарына қажеттілік және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары белгіленеді.
Көрсетілетін қызметтің нәтижелері азаматтың eGov порталындағы жеке кабинетіне жолданады, сонымен қатар қағаз түрінде де беріледі.