Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі.
Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) – азаматтың мүгедектігін, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін анықтайтын мемлекеттік қызмет. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
Алдымен медициналық ұйым пациентке қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын жүргізеді. Организм функцияларының тұрақты бұзылыстары сақталған жағдайда және кемінде төрт ай өткен соң, емдеуші дәрігер құжаттарды дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қарауына ұсынады. ДКК оң шешім қабылдаса, пациент МӘС-ке жолданады.
Емдеуші дәрігер пациенттің медициналық құжаттарын электрондық жүйеде рәсімдеп, барлық қажетті зерттеу нәтижелері мен мамандардың қорытындыларын қоса тіркейді. Құжаттар ақпараттық жүйе арқылы Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер базасына жіберіледі.
Ақпараттық жүйе құжаттардың дұрыстығын тексергеннен кейін оларды көзбе-көз немесе сырттай проактивті куәландыруға жібереді. Көзбе-көз сараптама МӘС бөлімінде сарапшылардың қатысуымен жүргізілсе, сырттай проактивті куәландыру құжаттар негізінде эксаумақтық сарапшылардың қатысуымен 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сараптама нәтижесінде мүгедектік белгіленеді немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі анықталады. Сонымен қатар азаматқа абиллитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы, техникалық оңалту құралдарына қажеттілік және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары белгіленеді.
Көрсетілетін қызметтің нәтижелері азаматтың eGov порталындағы жеке кабинетіне жолданады, сонымен қатар қағаз түрінде де беріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері мүгедектікті белгілеудің заңдылығын тұрақты бақылауды жүзеге асырады.
Мүгедектіктігі бар азаматтарды қолдауға мемлекет жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті қамтамасыз ету және оның заңсыз пайдаланылуына жол бермеу бірінші кезектегі міндет болып табылады.
МӘС-ке ұсынылған медициналық құжаттарды талдау барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, бірдей медициналық қорытындылар қолданылған жағдайлар анықталды. Бұл әртүрлі емделушілерге арналған құжаттардың бір үлгіні қолдану арқылы дайындалғанын көрсетеді: сынақ нәтижелері, ауру тарихы туралы ақпарат және маман қорытындылары бірдей болды, тек күндері мен жеке деректері өзгертілген.
Мұндай фактілер мүгедектігі бар азамат мәртебесін және оған сәйкес әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мақсатында медициналық құжаттарды бұрмалаудың тікелей белгілері болып табылады. Бүгінгі таңда Түркістан облысында осыған ұқсас 18 жағдай анықталды.
Аталған фактілерге қатысты барлық материалдар заңдық сараптамадан өту үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Тергеу жұмыстары жалғасуда және Министрліктің жіті бақылауында.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта да кез келген алаяқтық әрекеттерінің жолын кесуді және әлеуметтік қорғау заңнамасының қатаң сақталуын қамтамасыз ететінін баса айтады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Б.Нұрмаханов