Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және Қолжетімділік картасын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Негізгі мақсат – әрбір азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының қызметтерін кедергісіз пайдалануына жағдай жасау.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы мүгедектігі бар адамдарға объектілердің қолжетімділігі туралы толық ақпарат беру мақсатында әзірленген. Пайдаланушылар бейімделген объектілер туралы мәліметтермен танысып, олардың қолжетімділік деңгейін бағалай алады және пікір қалдыра алады.
Бүгінгі таңда, «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында «Санаторийлер» атты жеке санат енгізілген. Онда еліміздегі санаторий-курорттық ұйымдар туралы ақпарат орналастырылған. Пайдаланушылар санаторийлерді өңірі, атауы немесе мекенжайы бойынша іздеп, олардың әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік деңгейімен таныса алады. Сонымен қатар, санаторий карточкасында төсек-орын саны, қазіргі уақытта ем алып жатқан мүгедектігі бар адамдар саны, жолдамаға тапсырыс берген және кезекте тұрған адамдар туралы ақпарат көрсетіледі.
Министрлік тарапынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында бірқатар маңызды өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексіне сәйкес Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жаңадан пайдалануға берілетін объектілердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісетін болады. Бұл жаңа объектілерде қолжетімділік талаптарының сақталуын күшейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінде инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда:
«AMANAT» партиясының Жол картасына сәйкес 2027 жылға дейін Қолжетімділік картасына енгізілген барлық объектілерді толық бейімдеу жоспарланған. 2026 жылы бейімдеу жұмыстарын 80 % жеткізу көзделген. Бүгінде Түркістан облысы бойынша Қолжетімділік картасына 3 702 объекті енгізілген. Оның ішінде 2 532 объекті немесе 68 % бейімделген.
Сонымен қатар, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Министрлікпен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Яғни:
1) Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну барысында лицензиясыз көрсету бойынша бұзушылықтар;
2) Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынуға қойылатын біліктілік талаптары мен құжаттар тізбесіне сәйкестігін қамтамасыз етпеу бойынша бұзушылықтар бойынша тексеру тармағы енгізді.
Бірлескен бұйрыққа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметіне толыққанды мемлекеттік бақылау жүргізуге, қызмет сапасын арттыруға және лицензиялау туралы заңнама талаптарын бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануға мүмкіндік береді.