Реформаның негізгі мақсаты: Қазіргі уақытта көпшілікті толғандырып отырған ең маңызды мәселе – техникалық оңалту құралдарын қайтарымды модель бойынша беру пилоттық жобасының іске қосылуы. Бұл жоба Актөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүзеге асырылуда.
Басты мақсат – азаматтарға техникалық оңалту құралдарын тек беру ғана емес, оларды бүкіл пайдалану мерзімі бойы күнделікті қолдануға толық жағдай жасау. Яғни, «берілді және ұмытылды» қағидатынан толыққанды сүйемелдеу жүйесіне көшу жүзеге асырылуда. 1. Азаматтардың негізгі кепілдіктерін сақтау
Көп жағдайда жергілікті жерлерде «енді жаңа арбалар берілмей ме?» деген сұрақтар туындайды.
Жауап нақты: азаматтардың жаңа техникалық оңалту құралдарын алу құқығы толық сақталады.
Мемлекеттік міндеттемелер қысқартылмайды. Бұрынғыдай пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін – мысалы, кресло-арба үшін 5 жыл немесе басқа құралдар бойынша белгіленген мерзім өткен соң – азаматқа міндетті түрде жаңа оңалту құралы беріледі.
Біз жеңілдіктерді алып тастамаймыз, керісінше кеңейтеміз. Енді жаңа құрал берумен қатар, мемлекет оны пайдалану мерзімі ішінде қызмет көрсету, жөндеу және толық сүйемелдеу міндеттемесін өз мойнына алады. Азамат бұзылған құралмен жалғыз қалмайды.
2. Үздіксіз оңалту тетігі
Егер техникалық құрал істен шықса, бұрын адам үйде қалып, жөндеушіні іздеуге немесе кезекті күтуге мәжбүр болатын.
Енді үздіксіз оңалту жүйесі енгізілуде.
Ұлттық ғылыми орталықтың (ҰҒО) филиалдарында ТОҚ алмасу базасы және тегін уақытша пайдалану пункттері құрылуда. Егер құрал жөндеуге жіберілсе, азамат оны тапсырып, орнына уақытша жарамды құрал алады. Бұл уақытша қолдау адамның әлеуметтік өмірге қатысуын үзбеуге бағытталған.
3. Балаларға арналған жеке тәсіл.
Балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Баланың тез өсетінін ескере отырып, бір жыл бұрын берілген құрал кейде сәйкес келмеуі мүмкін. Жаңа жүйеде икемділік қарастырылған: егер техникалық оңалту құралы баланың бойына немесе қажеттілігіне сай келмесе, оны мерзімін күтпей-ақ ауыстыруға болады.
Мамандар уақытша пайдалану және алмасу пункттерінде баланың жеке қажеттіліктеріне сәйкес шешім ұсынады. Негізгі мақсат – жайлылық, қауіпсіздік және тиімділік.
4. Сервистік модельдің іске асу алгоритмі
Азаматтарға көмек көрсету жолы барынша түсінікті және қысқа болуы тиіс.
Біріншіден – кәсіби консультация: кез келген мәселе туындаған жағдайда азамат Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгінеді.
Екіншіден – сараптамалық бағалау: мамандар бұйымның жағдайын және азаматтың қазіргі қажеттілігін анықтайды.
Үшіншіден – үздіксіз оңалту: жөндеу қажет болса, ол арнайы сервис орталығында жүргізіледі. Осы уақытта азаматқа уақытша құрал беріледі.
Төртіншіден – жоспарлы жаңарту: пайдалану мерзімі аяқталған кезде (мысалы, 5 жыл) азамат бұрынғыдай Портал арқылы жаңа техникалық оңалту құралын алады.
Осылайша, әлеуметтік қолдау үздіксіз жүйеге айналады.
Қорытынды:
Бұл жүйе әрбір азаматтың әлеуметтік қолдаусыз қалмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – шынайы инклюзивтілік, яғни мемлекет адамның оңалту процесінің барлық кезеңінде жанында болады.