
Қазақстанда зейнетақы жинақталатын құрамдастардың үш түрі бар:
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауын іске асыру мақсатында қарт адамдардың арасында кедейліктің алдын алудың негізгі құралы ретінде 2005 жылдан бастап енгізілді. Бұған дейін Қазақстанда базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленетін, ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгерді. Енді оның мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады.
Мысалы, еңбек өтілі 10 жыл және одан аз адамдар үшін базалық зейнетақы 0,54 ең төмен күнкөріс деңгейін (2021ж. ЕТКД – 34302 теңге), яғни 18 523 теңгені құрайды. Әрбір келесі еңбек жылдары үшін 0,02 ЕТДК қосылады. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілі үшін базалық зейнетақы 0,74 ЕТКД = 25 383 теңгені құрайды. Еңбек өтілі 33 жылдан жоғары болса ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады немесе 34 302 теңгені құрайды.
Ынтымақты (еңбек) зейнетақы 1998 жылға дейін жұмыс істеген, сол кезде кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға есептеледі. 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген үш жылдың орташа айлық табысы және 1998 жылға дейін жинақталған жұмыс өтілі ескеріледі. Толық ынтымақты зейнетақы алу үшін еңбек өтілі: ерлер үшін – кемінде 25, әйелдер үшін – кемінде 20 жылды құрауы тиіс.
Жинақтаушы зейнетақы міндетті жарналардан, кәсіби және ерікті жарналардан тұрады. Алғашқы екеуін жұмыс беруші, үшіншісін салымшының өзі аударады. Ақша филиалдары бүкіл елде орналасқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ("БЖЗҚ" АҚ) келіп түседі.