Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда дәлелді шешім шығарылады, ол шағым берген адамға жіберіледі немесе тапсырылады, ал шешімнің көшірмесі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға немесе актісіне (шешіміне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға жіберіледі.
Шағымды қарау нәтижесінде шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдануы мүмкін. Бұл ретте, егер бұл шағым берген тұлғаның немесе мүддесіне орай шағым берілген тұлғаның жағдайын нашарлатуға әкеп соқса, бұрын шығарылған шешім өзгертілмейді.
Шағым берген тұлға шағым бойынша қабылданған шешім және оған одан әрі шағым жасау тәртібі туралы хабардар етілуге тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту уәжді болуға тиіс.