
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (бұдан әрі – базалық зейнетақы) – «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде берілетін ай сайынғы ақшалай төлем.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 54 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде:
1) «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 13-бабына сәйкес есептелген, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі;
2) міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең;
3) жұмыс iстемейтiн ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (бағып-күтуді ол нақты жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақыт;
4) 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт;
5) әскери қызметтегі, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі кезеңдер;
6) бөгденің көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызбасты мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қартқа күтiм жасаған уақыт;
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі бюджет қаражаты есебінен беріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі жасына байланысты және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алуына қарамастан беріледі.