Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі туралы

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі туралы

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау және реттеу комитеті департаментінің функцияларының бірі «Мүгедектікті және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе әлеуметтік қорғау шараларын анықтау» мемлекеттік қызметін көрсету болып табылады, оны департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің мамандары жүзеге асырады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының ағза функциялары тұрақты бұзылған кезде алғаш куәландыру немесе қайта куәландыру жүргізу мақсатындағы жолдамасы негіз болып табылады.

Медициналық ұйымдар диагностикалық, емдік және оңалту іс-шаралары кешенін жүргізіп, өмір сүру шектеулеріне әкелетін ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растағаннан кейін,  жұмыс істейтін адамдарды төрт айдан ерте емес уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңінде, ал жұмыс істемейтіндер мен балаларды диагноз қойылған сәттен бастап медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді.

Мүгедектігі бар адамдардың мүгедектікке әкелген аурулары бойынша денсаулығы нашарлаған кезде уақытша жұмысқа жарамсыздық күнінен екі айдан кейін немесе балалар мен жұмыс істемейтін адамдарға диагноз белгіленген күннен бастап медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін жіберіледі. 

Медициналық тексеріп-қараудың толықтығын, көлемін және адамды медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жіберудің негізділігін жолдама берген медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының төрағасы қамтамасыз етеді.

Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС оның тұрақты тіркелген жері бойынша медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасына сәйкес:

1) тиісті өңірдің МӘС бөлімдерінде;

2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында;

3) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында;

4) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде және тергеу изоляторында;

5) үйінде көрсетіледі;

6) сырттай;

7) сырттай проактивті жүргізіледі.

Куәландыру (қайта куәландыру) нысан бойынша өтініш және куәландырылатын адамның жеке басын куәландыратын құжаты, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережелерінде көзделген құжаттар негізінде жүргізіледі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама ұсынылған құжаттарды (деректерді) қарау, куәландырылатын адамды көзбе-көз тексеру, организм функцияларының бұзылу мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесін бағалау жолымен МӘС бөлімі басшысының және кемінде екі бас маманның қатысуымен алқалы түрде жүргізіледі.

 

2022 жылдан бастап мүгедектікті 15 нозология бойынша сырттай проактивті форматта анықтау жүргізіледі, оның ішінде: қатерлі ісіктер, инсульт салдарынан айқын және күрт айқындалған қозғалыс бұзылуы,  барлық психикалық бұзылулар, туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, туа біткен және жүре пайда болған анофтальм, қан аурулары, ағзалар трансплантациясынан кейінгі жағдайлар, ересектердегі терминалдық созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, церебральды сал ауруы айқын және күрт айқындалған қозғалыс бұзылыстарымен, Паркинсон ауруы, балалардағы қант диабеті.

Сырттай проактивті сараптама (қайта сараптама) басқа өңірлердің үш сарапшысымен (эксаумақтық сарапшылармен) куәландырылатын адамның немесе заңды өкілінің келісуімен, электрондық құжаттар негізінде жүргізіледі.

Адамды мүгедектігі бар адам деп тану үшін келесі міндетті шарттардың бір мезгілде болуы негіз болып табылады:

  1. ағза функцияларының тұрақты бұзылуы;
  2. өмір сүру шектеулері (адамның өзін-өзі күту, өздігінен жүру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өз мінез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметімен айналысу қабілетін немесе мүмкіндігін толық немесе ішінара жоғалтуы);
  3. әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттілігі.

Ағзаның жас ерекшеліктеріне байланысты өзгерістері мүгедектік тобын анықтау үшін негіз болып табылмайды.

Сараптамалық қорытынды:

  1. жүгінген күні;
  2. сырттай проактивті сараптама кезінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде;
  3. медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі мүгедектігі бар адамды кеңес алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама әдіснамасы және бақылау бөліміне жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде шығарылады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы организмнің негізгі функциялары бұзылуының және тіршілік-тынысы шектелуінің жіктемесі негізінде организмнің жай-күйі мен тіршілік-тынысының шектелу дәрежесін кешенді бағалауға байланысты шығарылады.

Егер куәландырылатын адам жұмыс істеген болса және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің мамандары жалпы еңбекке қабілеттілікті жоғалту дәрежесін анықтайды және мүгедектік тобы анықталған жағдайда республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша жәрдемақыдан басқа, оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалады.

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мүгедектігі бар адамдар саны      24 мыңнан асады, оның ішінде: 12 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 9 мыңнан астам зейнеткерлік жастағы адамдар және 2,5 мың балалар болып табылады.

Ағымдағы жылдың 6 айында департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің мамандары мүгедектік тобын анықтау бойынша 3026 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде: 1647 сырттай проактивті түрде (54.43%), 1379 жеке қарау кезінде (45.57%), жеке оңалту бағдарламасының 3719 іс-шарасы әзірленді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау және реттеу комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің мамандары медициналық ақпараттық жүйелерден медициналық-әлеуметтік сараптамаға келіп түскен медициналық құжаттарға ұдайы түрде талдау жүргізді.  Бұл 031/у «Медициналық-әлеуметтік сараптамаға қорытынды» үлгісі және оған қоса берілген құжаттар.

Талдау барысында медициналық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды: әртүрлі пациенттердің зертханалық талдау нәтижелері, анамнез мәліметтері және дәрігерлердің қорытындылары толық сәйкес келген. Бұл ретте тек фамилиялар, есімдер, әкелерінің есімдері және күндері өзгертілген.

Аталған фактілер медициналық құжаттарды қолдан жасаудың айқын белгілері және мүгедектікті заңсыз анықтау мен бюджеттік төлемдерді алу мақсатында жасалған әрекеттер екенін көрсетеді.

Республика бойынша 167 осындай факт анықталды.Бүгінгі күні барлық материалдар құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілді.

Бұл тексеру бір реттік емес және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатаң бақылауында екенін атап өткім келеді.

 

https://www.facebook.com/share/v/18t1fm6wuu/