
2024 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) іске асырылды, ол азаматтық тұлғаларға зейнетақы төлемдерін тағайындау бөлігіндегі қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы жүйесіндегі ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы құзыретті органдарының жұмысын ұйымдастыру регламенті 2026 жылғы 27 наурыз күні бекітілді.
Келісім 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енді.
Қолданылатын тұлғалар шеңбері және қолданылу аясы
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында тұрақты тұратын және басқа мемлекеттің аумағында еңбек өтілі бар Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қолданылады.
Зейнетақыларды тағайындау және төлеу
Тараптар мемлекеттері азаматтарына зейнетақыларды тағайындау және төлеу тұрғылықты мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда төленеді.
Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақылар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен төленеді.
Моңғолияда жасына байланысты зейнетақылар Моңғолияның әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда сақтандыру зейнетақы қорынан төленеді.
Қазақстан Республикасында зейнетақы төлемдерін және Моңғолияда жасына байланысты зейнетақыларды тағайындау туралы өтініш тұрғылықты мемлекеттің заңнамасында көзделген қажетті құжаттар қоса беріле отырып, өтініш беруші тұрғылықты мемлекеттің құзыретті органына беріледі.
Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақыларды тағайындау туралы өтініш Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті құжаттар қоса беріле отырып, өтініш беруші тараптардың кез келгенінің құзыретті органына беріледі.
Еңбек өтілін жиынтық есепке алу
Қазақстан Республикасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және Моңғолияда жасына байланысты зейнетақыларды тағайындау кезінде бір Тараптың құзыретті органы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін басқа мемлекеттің аумағында жинақталған, уақыты бойынша сәйкес келмейтін еңбек өтілін жиынтық есепке алуды жүргізеді.
Тараптардың бірінің аумағында жинақталған еңбек өтілі осы Тараптың құзыретті органы оны осы Келісімнің 6-бабында көзделген тәртіппен растаған жағдайда есепке алынады.
Тараптар мемлекеттерінің аумағындағы әскери қызмет өткеру кезеңдері және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және арнаулы орта білім беру жүйесінде, сондай-ақ діни (конфессиялық) білім беру ұйымдарында оқу кезеңдері зейнетақыны тағайындаған Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес еңбек өтіліне есептеледі.
Зейнетақыны аудару
Жинақтаушы зейнетақыны аудару алушы Қазақстан Республикасынан Моңғолияға тұрақты тұруға кеткен жағдайда жүзеге асырылады.
Жинақтаушы зейнетақы операция жасалған күнгі Қазақстан Республикасы валютасының ресми бағамы бойынша айырбасталатын Моңғолияның ұлттық валютасындағы алушының шотына аударылады.