
Сұрақ: Мен 1994 жылы Тәжікстан-Ауғанстан учаскесіндегі ұрыс қимылдарға қатыстым. Мен әскери ардагерлер санатына жатамын ба және мемлекеттік жәрдемақы тағайындала ма?
Жауап: Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы № 322-VІ «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілер (1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанды қоса алғанда) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері болып танылады.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін Сіз өтінішпен және жәрдемақы алу құқығын растайтын құжаттармен тұрғылықты мекенжайы бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне жүгінуіңіз қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 3 маусымдағы № 445 бұйрығымен бекітілген арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді, соған сәйкес жәрдемақы алу құқығын растайтын құжат - әскери комиссариаттан алынған, басқа мемлекет аумағында соғыс қимылдарына қатысқандығын растайтын анықтама болып саналады.
Осылайша, жәрдемақы алу құқығын растайтын анықтаманы алу үшін жергілікті әскери комиссариатқа хабарласуға кеңес береміз.