Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын оңалтудың техникалық құралдарының кепілдендірілген өтемақы сомасын айқындауға қандай өзгерістер енгізілуде

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын оңалтудың техникалық құралдарының кепілдендірілген өтемақы сомасын айқындауға қандай өзгерістер енгізілуде

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Оңалтудың техникалық құралдары мүгедектігі бар адамдарға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Бұл шара ашықтықты, қолжетімділікті, тауарлар мен қызметтерді еркін таңдауды, қолайлылықты және оңалту құралдарын жеткізуді қамтамасыз етті.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын тауарлардың құны жергілікті атқарушы органдар тарапынан кепілдендірілген сома шегінде өтеледі.

Бұған дейін кепілдендірілген сома Портал деректері, мемлекеттік сатып алу мәліметтері және жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде айқындалатын.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын оңалтудың техникалық құралдары үшін өтелетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.

Енді есептеу Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкеннің деректеріне негізделетін болады.

Кепілдендірілген соманы айқындаудың жаңа ақпарат көзі нарықтық бағаларды ескеруге және мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну кезінде өтемақы құнының негізсіз жоғарылауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының жинақталған деректерін алу үшін Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүргізілді.

Нарықтық бағаларға талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде оңалтудың техникалық құралдарының бір бөлігі бойынша кепілдендірілген сомалар қайта қаралды.

Бұл шара нақты бағаларды ескеруге, оңалту құралдарын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, порталдағы жосықсыз жеткізушілер тарапынан «бағамен айла-шарғы жасау» тәуекелдерін төмендетуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері дайын болған сайын және тауарлардың нақты нарықтық бағалары туралы мәліметтер алынуына қарай ұсынылатын кепілдендірілген сомаларды автоматты түрде қалыптастыру жоспарлануда.

Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Атап өту маңызды: бұл әлеуметтік қолдауды қысқарту туралы емес, керісінше, мемлекет қаражаттың сапалы, заманауи және сұранысқа ие оңалтудың техникалық құралдарына бағытталуын қамтамасыз ету үшін негізсіз шығындарды жоюға ұмтылуда.

Күтілетін нәтижелер:

  • баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру;
  • Оңалтудың техникалық құралдарының құнын әділ айқындау;
  • адами факторды болдырмау;
  • бюджет қаражатын ұтымды пайдалану;
  • оңалтудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру.