
2026 жылғы 3 ақпанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сугурова Елена Улановна МТРК телеарнасына сұхбат беріп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының әлеуметтік салаға қатысты бөлігін түсіндірді.
Өз сұхбатында Сугурова Е.У. жаңа Конституция жобасында ұсынылған өзгерістердің азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге және әлеуметтік әділеттілік деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Департамент тарапынан халықтың әртүрлі санаттарына қолдау көрсету мақсатында 15 түрлі әлеуметтік төлем көрсетілетінін жеткізді.
Қазіргі уақытта жасына байланысты төлемдерді, мемлекеттік базалық төлемді және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді қамтитын үш деңгейлі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі жұмыс істейді.
2026 жылдың басынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшері 118 пайызына дейін жеткізілді.
Елена Улановна жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістер әлеуметтік қорғауды нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және елде де, өңірде де әлеуметтік саланы одан әрі дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.