Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмек

   Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрдемақы емес, табысы аз отбасылардың қаржылық жағдайын жақсартуға және дағдарысты еңсеру үшін олардың ресурстарын ынталандыруға бағытталған қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау болып табылады. Оған балалардың саны, бір бала немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК көрсетудің негізгі критерийі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуы қажет. АӘК тағайындау өтініш берілген айдан басталады.
   Сонымен қатар, өзіңізбен болу қажет құжаттар тізімі келесідей: жеке куәлік және өтініш берушінің банктен жеке есепшот нөмірі, сондай-ақ, отбасында 23 жастан аспаған студент бала болса, оқу орнынан анықтама, некені бұзу туралы куәлік болған жағдайда, әке болып тану туралы (егер әкесі отбасымен бірге тұрмаса) куәлік болса, алимент туралы анықтама қажет.
  Қазіргі таңда Шымкент қаласында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Айта кетсек, атаулы әлеуметтік көмекке 2021 жылға бюджеттен 13,5 млрд. теңге бөлінген (республикалық – 12,5 млрд теңге, жергілікті бюджет – 955,7 млн. теңге). Жыл басынан бері 34 862 отбасыға (172 089 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 4,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген.