Жалғызбасты аналар мен олардың балаларына қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Жалғызбасты аналар мен олардың балаларына қандай жеңілдіктер қарастырылған?

   Көп адам жалғызбасты ана және толық емес отбасы ұғымдарын шатастырады. Жалғызбасты ана - заңды некеге тұрмай, дүниеге сәби әкелген әйел және оларға алимент төленбейді. Ал, күйеуімен ажырасқан немесе жолдасы қайтыс болған, балалары бар аналар отбасы толық емес отбасы санатына кіргізіледі. Жалғызбасты аналарға және толық емес отбасы санатындағы отбасыларға мемлекет тарапынан келесідей жеңілдік түрлері қарастырылған:
   1. Жалғызбасты аналар «толық емес отбасы» санаты бойынша халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшесі ретінде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегiне тұра алады және ол үшін мынадай құжаттар тапсыруы қажет:
• есепке қою туралы өтініш;
• жеке басын куәландыратын құжат;
• үш жыл тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуде болу;
• соңғы бес жылда атында үйі болмау;
• баласы екеуі бір жерде тіркеуде тұру, бірақ баладан үш жыл талап етілмейді;
• баланың туу туралы куәлігі;
• жұмыс орнынан анықтама (жұмыс істейтіндерге);
• табыс мөлшері;бір әлеуметтік көмек алатын болса, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан анықтама;
• әке болуды анықтау туралы куәлік/ № 4 нысан (көшірмесі);

   2. Қазақстанның қазіргі заңнамаларына сәйкес жалғызбасты аналарға және толық емес отбасына арнайы жәрдемақы түрі қарастырылмаған және жәрдемақы мен басқа да төлемдер барлығымен бірдей беріледі. Барлық аналар сияқты жалғызбасты ана да бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқығы бар. Сондай-ақ, жалғызбасты ана көпбалалы болған жағдайда 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 4 және одан көп кәмілетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар, табыс көлеміне байланысты атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алады. Егер отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын болса, отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілетін болады.
   Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі критерийі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуы қажет. АӘК-ке құжат әр үш ай сайын қабылданады және комиссия мүшелерінің отбасының көмекке мұқтаждығын анықтау шешімі негізінде тағайындалады. Егер отбасында үш жасқа дейінгі бала болып, анасы жұмыс істемесе, төмендегілер табыс ретінде есептеледі: алименттер; бір жасқа толғанша бала күтімене берілетін ай сайынғы төлемдер; көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы; жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табыс; мұрагерлік мүлік; мүлікті сату; үй жанындағы шаруашылық табысы; несие рәсімдеу және бақа да табыстар;
   Атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде келесі төлемдер ескерілмейді: бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы; мүгедек-балаларға берілетін жәрдемақы; жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақы; «Батыр аналарға» берілуі тиіс түрлі жәрдемақылар; стипендиялар; ақшалай көмек, біржолғы төлемдер мен қайырымдылықтың басқа да түрлері;
   Егер кәмелетке толмаған үш жастан үлкен немесе 23 жастан төмен студент баланың анасы болса, ол әйелдің жалақысы да есепке алынады.
   Егер кіші баласы үш жастан үлкен жалғызбасты ана жұмыссыз болса, Жұмыспен қамту орталығы оны жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдайды. Егер ол өзіне ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады.
   3. Жалғызбасты ана баласына білім ордасынан да көмек қарастырылған және ол мына санаттағы балаларға беріледі: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтындар; жетім балалар; ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар; көпбалалы отбасы балалары; өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілер.
   4. Жалғызбасты ана көпбалалы ана болса, балабақша кезегін ертерек алуына болады. Бірінші кезекті орынды алу құқығына ие бола алатындар: мүгедек балалар; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; жетім балалар; көпбалалы отбасылардың балалары;