ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

   Елімізде 2017–2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылы қабылданған болатын.
   Аталған бағдарламаның негізгі міндеттері: еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау; еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқу; «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту; ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда, қалаларда және моноқалаларда микрокредит беруді кеңейту және оларды кепілдендіру; жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлкеттік гранттар беру; жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту болып табылады.
    Шымкент қаласында үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 32 857 азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушысы болған. Ауқымды шара аясында 20 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етіліп, оның ішінде 9802-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.
Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы бойынша 8,5 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан.
    Бұл тұрғыда қысқа мерзімді оқу курстарының рөлі ерекше. Бұл курстардың мақсаты нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша азаматтарға кәсіптік дағдыны қалыптастыру. Мәселен, қысқа мерзімді оқу курстарында биыл 2 мыңға жуық азамат түрлі мамандықтар бойынша білім алған. Олардың тең жартысы жұмысқа орналастырылды.