Ағымдағы жылдың 11 айында 858 мыңнан астам адам АӘК алды

Ағымдағы жылдың 11 айында 858 мыңнан астам адам АӘК алды

   Ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) 168,6 мың отбасының 858,2 мың адамына 58,3 млрд. теңге сомасында төленді. Отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға АӘК тағайындалады.
   Шымкент қаласында биыл 11 айда 31 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, бұл мақсатқа биылғы жылы Шымкентке республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы 17,9 млрд. теңге бөлінген.
   Осы уақыт аралығында 26 766 отбасыға шартты, 4 176 отбасыға шартсыз ақшалай көмек көрсетілген.
   Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балалары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалармен де қамтамасыз етілуде. Шымкенттегі тұрмысы төмен отбасы балаларын кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен қамту үшін 1 841,2 млн.теңге бөлініп, жыл басынан бері оларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы үлестіріліп келеді.