Жасына байланысты зейнетақы төлемі қалай есептеледі

Жасына байланысты зейнетақы төлемі қалай есептеледі

Зейнетақы төлемдерін тағайындау және олардың мөлшерін арттыру 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Зейнетақы мөлшері Кодекстің 206, 210 және 211-баптарына сәйкес есептеліп, айқындалады.

Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ:

Бүгінгі таңда ерлер 63 жасқа, әйелдер 61 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде, ең алдымен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және есепке алынатын орташа айлық табыс ескеріледі.

Егер 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі талап етілетін толық еңбек өтілінен аз болса, жасына байланысты зейнетақы төлемі толық емес көлемде, яғни нақты еңбек өтіліне пропорционалды түрде есептеледі.

Бұл ретте еңбек өтіліндегі толық айлар саны талап етілетін еңбек өтілі айларының санына бөлініп, есепке алынған табыстың 60 пайызына тең толық зейнетақы төлемінің мөлшеріне көбейтіледі.

Мысал

Азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі – 15 жыл 6 ай 10 күн, ал орташа айлық табысы 240 000 теңге болсын.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:

  • АЕК – 4 325 теңге;

  • зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін ең жоғары айлық табыс – 55 АЕК, яғни 237 875 теңге.

Сондықтан орташа айлық табыс 240 000 теңге болғанымен, есептеу кезінде 237 875 теңге мөлшері ескеріледі.

Есептеу:

15 жыл × 12 ай + 6 ай = 186 ай

186 ай ÷ (25 жыл × 12 ай) × (237 875 × 60%)

Нәтижесінде жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері шамамен 88 490 теңгені құрайды.

Назар аударыңыз: бұл – есептеу тәртібін түсіндіруге арналған мысал. Нақты зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтіліне, есепке алынатын табысына және заңнамада көзделген өзге де көрсеткіштерге байланысты жеке анықталады.

Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары!

Бүгін біз Сіздерге жасына байланысты зейнетақы төлемінің мөлшері қалай анықталатынын қарапайым мысал арқылы қысқаша түсіндірдік.

Зейнетақыға қатысты сұрақтарыңыз болса, заңнамадағы талаптарды және өзіңіздің жеке еңбек өтіліңіз бен табыс деректеріңізді ескере отырып, нақты ақпарат алу үшін уәкілетті органдарға жүгінген жөн.