СӘЙКЕСТІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ: ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТАҒА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАПТАР

СӘЙКЕСТІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ: ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТАҒА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАПТАР

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Кодекс талаптарына сәйкес объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде олардың мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растаудың жаңа тетігі енгізілді.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісу функциясы берілді.

Сәйкестік туралы декларация дегеніміз не?

Сәйкестік туралы декларация – аяқталған құрылыс объектісінің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжат.

Қолжетімділік бөлігінде декларация объектінің мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтары үшін белгіленген талаптарға сәйкес екенін растауға бағытталған.

Бұл тетік жаңа объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде қолжетімді орта талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және талаптарға сәйкес келмейтін объектілердің пайдалануға берілуінің алдын алуға бағытталған.

Қандай объектілер қамтылады?

Қолжетімділік талаптары халыққа қызмет көрсетуге арналған әртүрлі объектілерге қолданылады. Олардың қатарында:

- денсаулық сақтау объектілері;
- білім беру ұйымдары;
- мәдениет және спорт объектілері;
- әлеуметтік қорғау объектілері;
- жұмыспен қамту объектілері;
- сауда және қоғамдық тамақтану орындары;
- әкімшілік ғимараттар;
- көлік инфрақұрылымы объектілері;
- халыққа қызмет көрсетуге арналған өзге де объектілер бар.

Объектіні бағалау кезінде не ескеріледі?

Объектінің мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз қозғалысына мүмкіндік беретін жағдайлардың жасалуы бағаланады.

Атап айтқанда:

- объектіге кедергісіз кіру және шығу мүмкіндігі;
- кіреберіс тобының талаптарға сәйкестігі;
- қозғалыс жолдарының қолжетімділігі;
- пандустар мен көтергіш құрылғылардың болуы және талаптарға сәйкестігі;
- қажетті ақпараттық және навигациялық элементтердің болуы;
- көру қабілеті бұзылған адамдар үшін қолжетімділік;
- қолжетімді санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың болуы;
- мүгедектігі бар адамдарға арналған өзге де қажетті инфрақұрылым элементтері қаралады.

Декларацияны келісу қалай жүзеге асырылады?

Объектіні пайдалануға қабылдау кезеңінде оның қолжетімділік талаптарына сәйкестігі бағаланады. Департамент мамандары ұсынылған материалдарды зерделеп, қажет болған жағдайда объектіге барып, қолжетімділік талаптарының орындалуын қарайды.

Талаптарға сәйкестік анықталған жағдайда декларация келісу рәсімінен өтеді.

Ал талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған кезде тиісті қорытынды беріледі. Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін өтініш беруші заңнамада белгіленген тәртіппен қайта өтініш бере алады.

2026 жылғы алғашқы нәтижелер

2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан бойынша объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге аумақтық департаменттерге 318 өтініш түскен.

Оның ішінде:

- 113 өтініш – қаралуда;
- 84 өтініш – кері қайтарылған;
- 62 өтініш – келісілген;
- 51 өтініш – келісуден бас тартылған;
- 8 өтініш – келісу талап етілмейді.

Шымкент қаласы бойынша 2026 жылғы 31 тамызға дейін 21 өтініш келіп түскен.

Негізгі мақсат

Сәйкестік туралы декларацияны келісу тетігінің басты мақсаты – жаңа құрылыс объектілерін жобалау мен пайдалануға беру кезеңінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, кедергісіз ортаны қалыптастыру және барлық азаматтар үшін қолжетімді инфрақұрылым құру.

Қолжетімді орта – әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші және әр азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуының негізі.