
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың мемлекеттік қолдауға деген ықтимал қажеттілігін алдын ала анықтап, бірқатар мемлекеттік қызметті проактивті түрде көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи құрал Отбасының цифрлық картасын дамытып жатыр.
Бүгінде Отбасының цифрлық картасында 6,2 миллионнан астам отбасының шамамен 20 миллион мүшесі туралы мәлімет жинақталған. Жүйе SmartData Ukimet ақпараттық-талдау платформасында жұмыс істейді және 30-ға жуық мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен біріктірілген. Бұл мемлекеттік органдарда бар деректерді пайдаланып, әлеуметтік көмекті азаматтардың нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде Отбасының цифрлық картасы отбасы құрамы туралы мәліметтерді автоматты түрде қалыптастырып, оның әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды. Бұл ретте отбасының табысы, еңбек қызметі, әлеуметтік төлемдері, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, денсаулығы мен білімі туралы мәліметтер ескеріледі.
Мемлекеттік қолдауға ықтимал қажеттілікті анықтау үшін Министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп әзірлеген халықтың әл-ауқат деңгейін бағалау әдістемесін қолданады. Осы әдістемеге сәйкес отбасылар әл-ауқатының жоғары деңгейінен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейге дейінгі бес санаттың біріне жатқызылады. Мұндай бағалау отбасының нақты өмірлік жағдайын ескеруге және халықпен жүргізілетін жұмысты нақты бағыттауға жол ашады.
Отбасының цифрлық картасының негізгі артықшылықтарының бірі – мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету мүмкіндігі. Қолда бар деректер негізінде азаматтың белгілі бір қолдау шарасын алуға құқығы бар екені анықталса, оған 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберіледі. Азамат келісім бергеннен кейін мемлекеттік қызмет автоматты түрде рәсімделеді.
Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түріне өтініш беруге, сондай-ақ хабарламалардың 3 түрін алуға болады. Олардың қатарында баланың тууына және оны күтуге байланысты төлемдер, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бар.
Проактивті тәсілді енгізудің нәтижесі нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Азаматтардың мемлекеттік қызмет алуға келісімін алу үшін 2 миллионнан астам SMS хабарлама жіберілді. Ал проактивті форматта 935 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызметтер мен төлемдер тағайындалды.
Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін жергілікті атқарушы органдар да халықпен нақты жұмыс жүргізу үшін пайдаланады. Қолда бар мәліметтер арқылы мамандар табысы, активтері, медициналық сақтандыруы немесе тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі туралы деректері жоқ азаматтарды анықтай алады. Бұл түсіндіру жұмыстарын уақытында жүргізіп, кеңес беруге және тиісті негіздер болған жағдайда қажетті қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді.
Өңірлердегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жеке мониторинг модулі енгізілді. Модуль отбасылар туралы ақпараттың өзектілігін қамтамасыз етуге және D және E санаттарындағы отбасылармен жүргізілетін жұмыстың нәтижелілігін жүйелі түрде қадағалауға жағдай жасайды.