
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау тетігі енгізілді.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қалыптастыру, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту. Бұл тетік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырумен қатар, әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және ұйымдардың заң талаптарына сай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Лицензиялау басталғалы бері Шымкент қаласы бойынша 74-тен астам өтінім қаралды. Өтінімдерді зерделеу барысында бірқатар ұйымдарда құжаттарды рәсімдеу мен белгіленген талаптарға сәйкестендіру жұмыстарының жеткіліксіз екені анықталды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері – қажетті рұқсат құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы және материалдық-техникалық базаның талаптарға сәйкес келмеуі болды.
Аталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ұйымдардың лицензия алу үшін қайта өтінім беруіне ешқандай шектеу қойылмайды. Қазіргі таңда нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, лицензия алған ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтілді. Қызмет көрсету сапасын бақылау және мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.
2025 жылдан бастап Шымкент қаласында лицензиялауға жататын 27 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымының барлығы лицензия алды. Оның ішінде 14-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 13-і – үкіметтік емес ұйым.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер төрт бағыт бойынша көрсетіледі: стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу және үй жағдайында қызмет көрсету.
Лицензия алған 14 коммуналдық мемлекеттік мекеменің 12-сі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен келісімшарт жасасып, қазіргі уақытта 2 336 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде.
Лицензия алған 13 үкіметтік емес ұйымның қазіргі таңда 12-сі нақты қызметін жалғастыруда. Оның ішінде 10 ұйыммен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы келісімшарт жасасқан. Соның ішінде 5 ұйым жартылай стационарлық жағдайда, ал 5 ұйым үйде қызмет көрсету бағытында жұмыс атқаруда. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы 660 қызмет алушы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған.
Лицензиялау жүйесін енгізу әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Баймаханов Ғ.Б.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы