Азаматтардың зейнетақы құқықтарын жүзеге асыру кезіндегі заңдық маңызы бар фактілерді анықтау тәртібі

Азаматтардың зейнетақы құқықтарын жүзеге асыру кезіндегі заңдық маңызы бар фактілерді анықтау тәртібі
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің» 209 бабының 1 тармағында «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 01 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады» деп, ал осы баптың  2-тармағында «Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді» деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағида) 6. тармағында «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін өтініш беруші осы Қағидалардың 4-тармағында тізбектелген құжаттарға мыналарды қоса береді:
өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттар;
еңбек кітапшасы;
еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архив мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің элетрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар;
сот шешімі» деп көрсетілген.
Азаматтардың жұмыс жасаған кезеңдері жоғарыда аталғандай тиісті талаптарға сәйкес келмеген жағдайда еңбек еткен кезеңдері зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде есепке алынбайды.
Мұндай жағдайларда азаматтар еңбек кезеңдерін дәлелдеу үшін азаматтық тәртіппен заңдық маңызы бар фактілерді анықтау үшін сот органдарына жүгінеді. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 24 азамат, екінші тоқсанында 18 азамат өздерінің еңбек еткен кезеңдерін дәлелдеу үшін сот органдарына жүгініп, тиісті шешімдер қабылданды.
Сондықтан да жоғарыда аталғандай мәселе туындаған жағдайда Департаменттің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің тиісті мамандарынан кеңес алуға шақырамын.
 
Ғалымжан Нәлжанов
Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы