
Мүгедектігі бар адамдарға, қарт азаматтарға және халықтың өзге де осал топтарына сапалы әрі қолжетімді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тетігі енгізілді.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.
2025 жылғы 30 желтоқсанда «Дара бала» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ЖШС 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 50 орынға лицензия алды. Осыған байланысты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің мамандары аталған үкіметтік емес ұйымға барып, қызмет көрсету жұмысының ұйымдастырылуымен танысты.
Лицензиялау басталғаннан бері Шымкент қаласы бойынша 74-тен астам өтінім қаралды. Өтінімдерді зерделеу барысында бірқатар ұйымдардың құжаттарды рәсімдеу және белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету деңгейі жеткіліксіз екені анықталды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері – қажетті рұқсат құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы және материалдық-техникалық базаның талапқа сай келмеуі.
Сонымен қатар, анықталған кемшіліктер жойылған жағдайда ұйымдардың лицензия алу үшін қайта өтінім беруіне ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі уақытта лицензиялау саласындағы нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, лицензия алған ұйымдарға мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтілуде. Қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында лицензиялауға жататын арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 27 ұйымның барлығы лицензия алған. Оның ішінде 14-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 13-і – үкіметтік емес ұйым. Бұл ұйымдар арнаулы әлеуметтік қызметтерді төрт бағыт бойынша көрсетеді: стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу және үй жағдайында қызмет көрсету.
Лицензия алған 14 коммуналдық мемлекеттік мекеменің 12-сі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен келісімшарт жасасып, қазіргі уақытта 2 336 қызмет алушыға қызмет көрсетуде.
Лицензия алған 13 үкіметтік емес ұйымның қазіргі таңда 12-сі нақты жұмыс істейді. Оның ішінде 10 ұйыммен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы келісімшарт жасасқан. Атап айтқанда, 5 ұйым жартылай стационарлық жағдайда, ал 5 ұйым үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта бұл ұйымдарда жалпы 660 қызмет алушыға қызмет көрсетілуде.
Осылайша, лицензиялау жүйесінің енгізілуі арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы
М.Н. Шапиева