
2026 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 3 сәуірдегі хаттамалық тапсырмасының 1-тармағын орындау аясында №2 медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің МӘС әдіснамалық және бақылау бөлімінің басшысы Р.У. Шегирбаев төрағалық етті. Семинарға Шымкент қаласының Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді ауруханасының онкоторакальды хирургі Талап Кешубаевич Ақпанбетов, емдеу ұйымдарының дәрігерлік-консультациялық комиссияларының (ДКК) төрағалары мен мамандары, сондай-ақ МӘС бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында МӘС бөлімдерінің атқарған жұмыстары қорытындыланып, сырттай проактивті куәландырудың жүзеге асырылуы талқыланды. Сонымен қатар емдеу ұйымдарының алғашқы және сырттай куәландыруға жолдау жиілігіне талдау жасалып, негізсіз жолдаулардың алдын алу және бұл бағыттағы бақылауды күшейту мәселелері қаралды. ДКК-мен өзара жұмысты жандандыру, сырттай-проактивті пилоттық жоба бойынша жолдамалар санын арттыру және №031/е нысанын сапалы рәсімдеу қажеттілігі атап өтілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша онкоторакальды хирург Талап Ақпанбетов ересектер мен балалар арасындағы онкологиялық аурулардың алдын алу, заманауи емдеу тактикасы және мүгедектікке жолдау тәртібі туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №287 бұйрығының талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидалары кеңінен талқыланды.
Семинар соңында МӘС бөлімдері мен емдеу ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар бойынша баяндама жасалып, қатысушылармен пікір алмасу өтті.