
«Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 277 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32965 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілген:
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 277 бұйрығымен Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу қағидалары бекітілген.
Атап айтқанда, өтемақы:
Күзетпен қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған немесе шектеулi бостандық жағдайларында (оның iшiнде «еңбек армиялары», «Ішкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналары» деп аталатындарда) мәжбүрлеп еңбекке тартылған және Заңға сәйкес ақталған адамдарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына не ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған балаларға олардың тұрғылықты жеріндегі әлеуметтiк қорғау органдары ақтау және көрсетілген орындарда болған уақыты туралы құжаттар негiзiнде бюджет қаражатынан көрсетілген орындарда болған әр айы үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған кезге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ айлық есептік көрсеткiштің 100 еселенген мөлшерінен артық емес ақшалай өтемақы тағайындау қарастырылған.
Қағиданың 3-тармағына сәйкес және «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабында көрсетiлген негiздер бойынша ақшалай өтемақы алуға құқығы бар азаматтар ақшалай өтемақы тағайындау үшiн тұрғылықты тұратын жерi бойынша Халыққа қызмет көрсету бөліміне мыналарды ұсынады:
1) өтiнiш;
2) жеке басты куәландыратын құжат;
3) ақшалай өтемақы алу құқығын растайтын құжат (Заңның 22-бабында көрсетілген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ақталғаны туралы прокуратура органдарынан анықтама немесе сот актісі).
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары осы тармақта көрсетілген құжаттарға қосымша туу туралы куәлік не тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме ұсынады.
Ақшалай өтемақы тағайындау үшiн қажеттi құжаттардың түпнұсқасы және салыстырып тексеру үшiн көшiрмелері аудандық (қалалық) Халыққа қызмет көрсету бөліміне ұсынылады.
Айгүл Сматова
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы.