ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТА ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕСТІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯНЫ КЕЛІСУ ТӘРТІБІ

ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТА ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕСТІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯНЫ КЕЛІСУ ТӘРТІБІ

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің қолжетімділігін растау жөніндегі декларацияны келісу функциясын беру жоспарлануда.

Аталған норма Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы №253-VIII ҚРЗ Құрылыс кодексін іске асыру шеңберінде енгізілуде. Осыған байланысты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптарына сәйкестік туралы декларацияны келісу мақсатында объектілерді бағалау және қорытынды қалыптастыру алгоритмін әзірледі.

Сәйкестік туралы декларация дегеніміз не?

Сәйкестік туралы декларация – мердігердің (бас мердігердің) аяқталған құрылыс объектісі бойынша орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетінін растайтын құжат.

Қолжетімді ортаның маңыздылығы

Қолжетімді орта – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі мен өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Заманауи ғимараттар мен инфрақұрылым нысандары денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтарға қолайлы болуы тиіс.

Мүгедектігі бар адамдардың, егде жастағы азаматтардың және халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтарының объектілерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету – заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеудің маңызды көрінісі.

Осыған байланысты қолжетімді орта талаптарына сәйкестік туралы декларацияны келісу тетігінің енгізілуі жаңадан салынатын және пайдалануға берілетін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ғалым Баймаханов
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы