Қолжетімді орта талаптарына сәйкестік туралы декларацияны келісу: не үшін маңызды?

Қолжетімді орта талаптарына сәйкестік туралы декларацияны келісу: не үшін маңызды?

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексінің 258-бабы 3-тармағына сәйкес, әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Бұл бақылау мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдердің уақытылы әрі дұрыс тағайындалуы және төленуі бағыттарын қамтиды.

Осы міндеттер аясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қолжетімді орта талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталындағы қолжетімділіктің интерактивті картасын жергілікті атқарушы органдардың уақытылы және сапалы толтыруын қадағалайды. Бұл жұмыс «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасы аясындағы жол картасын іске асырумен де байланысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес, нысандардың қолжетімділік деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша есепке алынған 2379 нысанның 1594-і қолжетімділіктің интерактивті картасына толық енгізілген.

Қолжетімділік көрсеткіштері бойынша:
– көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 1625 нысан;
– есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 1665 нысан;
– кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 1599 нысан;
– тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 1612 нысан толық қолжетімді мәртебесіне ие.

Сонымен қатар, 2026 жылы Шымкент қаласы бойынша тағы 450 нысанды интерактивті картаға енгізу жоспары бекітілген. Әр аудан бойынша енгізілетін нысандардың саны, атауы және мекенжайлары нақты айқындалған.

Қолжетімді орта талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Департамент кәсіпкерлік заңнамасына сәйкес профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Егер тексеру барысында ғимараттар мен құрылыстарды халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарға бейімдеу талаптары сақталмағаны анықталса, әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады.

Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Құрылыс кодексі аясында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптарына сәйкестік туралы декларацияны келісу үшін объектіні бағалау және қорытынды беру алгоритмі әзірленді.

Сәйкестік туралы декларация – мердігердің немесе бас мердігердің аяқталған құрылыс нысаны бойынша атқарылған жұмыстардың бекітілген жобаға және мемлекеттік нормативтік талаптарға сәйкес орындалғанын растайтын ресми құжат.

Құрылыс кодексіне сәйкес, құрылыс нысанын пайдалануға қабылдау кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілгені туралы растау міндетті талаптардың бірі болып саналады.

Қолжетімді орта – бұл тек заң талабы емес, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтарға деген құрметінің көрсеткіші. Заманауи инфрақұрылым жасына, денсаулық жағдайына немесе қозғалу ерекшелігіне қарамастан әр адамға қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс.

Фариза Смайлова

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы