№3 МӘС бөлімі: 2026 жылдың алғашқы бес айында 1789 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді

№3 МӘС бөлімі: 2026 жылдың алғашқы бес айында 1789 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді

№3 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі 2026 жылдың алғашқы бес айындағы жұмыс қорытындысын шығарды. Биылғы жылдың 1 қаңтары мен 19 мамыры аралығында бөлім тарапынан 1789 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне жүгінушілер санының тұрақты екенін көрсетеді.
Осы кезеңде алғаш рет куәландырудан өткен азаматтар саны 343 адамды құрады. Оның ішінде 180 азамат көзбе-көз, 163 азамат сырттай форматта қаралған. Нәтижесінде алғаш рет жүгінгендердің 330-ына мүгедектік белгіленді.
Алғаш рет мүгедектік алған азаматтардың ішінде 202-сі – ересектер. Оның 163-і еңбекке жарамды жаста болса, қазіргі таңда олардың 40-ы еңбек қызметін жалғастырып келеді. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 128-ді құрады.
Қайта куәландыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілді. Жалпы қайта қаралған азаматтардың басым бөлігіне мүгедектік мәртебесі сақталды. Сонымен қатар, оңалту нәтижесінде кейбір азаматтардың денсаулық жағдайы жақсарып, толық немесе жартылай оңалту көрсеткіштері тіркелді. Атап айтқанда, 133 адам толық оңалтылып, мүгедектік мәртебесі алынса, 169 азаматта денсаулық жағдайының жақсаруы негізінде жартылай оңалту жүргізілді. Ал 59 азаматтың денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік тобы күшейтілді.
Есепті кезеңде 14 азаматтың медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз жолданғаны анықталды. Осыған байланысты жауапты органдарға тиісті хаттар жолданды. Бұл жұмыстар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
№3 МӘС бөлімі сараптама жұмыстарымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізіп келеді. Жыл басынан бері ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет алу тәртібі мен әлеуметтік қолдау шаралары түсіндірілді.
Сондай-ақ, емдеу ұйымдарының дәрігерлерімен өткен семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жалған құжаттардың жолын кесу, мүгедектікке жолдау көрсеткіштері және оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Алдағы уақытта бөлім тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау саласындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береді.