
КҮМӘН ТУДЫРАТЫН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ АНЫҚТАУ: АШЫҚТЫҚ ПЕН ӘДІЛЕТТІЛІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС
Әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігін қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Әсіресе мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындау және әлеуметтік төлемдерді тағайындау процестерінің ашық әрі негізді болуы қоғам сенімінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты медициналық құжаттардың шынайылығын қамтамасыз ету және жалған рәсімдеу фактілерінің алдын алу - уәкілетті органдардың тұрақты бақылауындағы мәселе. Дәл осы мәселе бойынша біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Кәрібайұлы Тұңғышбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Руслан Кәрібайұлы, соңғы уақытта медициналық құжаттардың дұрыстығына қатысты шағым көп. Медициналық құжаттардың шынайылығын бақылау қалай жүзеге асырылады, қандай тетіктер қолданылады және бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі қалай қамтамасыз етіледі деген сұрақ халық көкейінде? Осыған өзіңіз жауап бере кетсеңіз.
– Иә, соңғы кезеңде медициналық құжаттардың дұрыстығына қатысты шағымдардың көбеюі бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді талап етуде. Бүгінде бұл жұмыс жүйелі түрде және бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Ең алдымен, барлық медициналық құжаттар цифрлық форматта тексеріледі. Медициналық ақпараттық жүйелер бір-бірімен интеграцияланған, соның арқасында дәрігерлік қорытындылар, зертханалық нәтижелер, диагноздар және науқастың анамнезі өзара салыстырылады. Арнайы алгоритмдер бірдей немесе күмән тудыратын қайталанатын мәліметтерді автоматты түрде анықтайды. Мысалы, әртүрлі адамдарға бірдей мәтінмен толтырылған құжаттар немесе толық сәйкес келетін зерттеу нәтижелері бірден назарға алынады. Екіншіден, қажет болған жағдайда бақылау куәландыруы жүргізіледі. Бұл азаматтың денсаулық жағдайын қайта тексеру арқылы ұсынылған құжаттардың шынайылығын нақтылау. Егер алғашқы қорытынды күмән тудырса, тәуелсіз мамандар қайта қарап, нақты шешім шығарады. Үшіншіден, медициналық ұйымдардың жұмысына талдау жүргізіледі. Құжаттарды рәсімдеу тәртібі, дәрігерлердің қорытындылары және жалпы тәжірибе зерделенеді. Егер жүйелі бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
Анықталған күмәнді деректер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, заң аясында қаралады. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылып, кейін расталса, толық қайта қаралады. Бұл шаралардың барлығының негізгі мақсаты – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі тиіс. Жалған құжаттар арқылы негізсіз төлем алу бюджетке зиян келтіріп қана қоймай, көмекке шынымен зәру адамдардың мүмкіндігін шектейді.
Сондықтан медициналық құжаттардың дұрыстығын бақылау – жай тексеріс емес, бұл қоғамдағы сенімді сақтау, ашықтықты қамтамасыз ету және әр азаматқа әділ қарау қағидаттарына негізделген маңызды жүйе.
– Қандай заң бұзушылықтар анықталуда?
– Жүргізілген талдау барысында медициналық құжаттарды қолдан жасау белгілері бар фактілер анықталды. Олардың негізгі түрлері, әртүрлі пациенттерге бірдей мазмұнда бір үлгідегі құжаттар рәсімделген. Зертханалық нәтижелердің, анамнездің және мамандар қорытындыларының толық сәйкестігі, құжат мазмұны өзгермей, тек жеке деректер мен тексеру күндерінің ауыстырылуы. Бұл жағдайлар кейбір ұйымдарда типтік медициналық үзінділерді заңсыз пайдалану орын алғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша осындай белгілері бар 79 факт тіркелді. Бұл жүйелі бақылау нәтижесінде анықталған көрсеткіш. Жұмыс жалғасуда. Әрбір жағдай бойынша кешенді әсер ету шаралары қабылданып жатыр. Атап айтқанда, бақылау куәландырулары жүргізіледі, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. Әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылады. Бұзушылық расталса, мүгедектік белгілеу туралы шешімдер қайта қаралады. Қосымша құқық бұзушылықтарды анықтау үшін талдау жұмыстары жалғасады.
– Бұл жұмыстың негізгі мақсаты неде?
– Негізгі мақсат әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс. Жалған құжаттар арқылы заңсыз төлем алу бұл жүйеге нұқсан келтіреді. Барлық рәсімдерді заң аясында жүргізу қажет. Медициналық құжаттарды қолдан жасау немесе күнәнді мәлімет беру заң алдындағы жауапкершілікке әкеледі. Сондай-ақ күмәнді жағдайлар туралы тиісті органдарға хабарлау ортақ жауапкершілік екенін атап өткім келеді. Алда цифрлық бақылау тетіктері күшейтіледі, медициналық жүйелердің интеграциясы кеңейеді, автоматты талдау құралдары енгізіледі. Сонымен қатар алдын алу шаралары түсіндіру және оқыту жұмыстары да жалғасады.
Медициналық құжаттардың шынайылығын қамтамасыз ету тек бақылау шарасы ғана емес, бұл әлеуметтік әділеттілік пен мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды кепілі. Жүйелі бақылау мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана қоғамдағы сенім нығайып, әлеуметтік қолдау жүйесінің сапасы арта түседі.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!