Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» ұғымы енген заңға қол қойды. Бұл түзету азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданды, заң 2025 жылдың 16 қыркүйегінде күшіне енді.
📌 Сталкинг деген не?
Сталкинг – бұл адамның еркіне қайшы, онымен тұрақты түрде байланыс орнатуға тырысатын, зорлық-зомбылықсыз, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау әрекеті.
Жаңа бапқа сәйкес сталкинг үшін:
- 200 АЕК-ке дейін айыппұл,
- 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс,
- немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Егер қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен немесе жеке өмірге қол сұғумен ұштасса, іс-әрекет басқа баптар бойынша қосымша сараланады.
Қылмыстық қудалау тек нақты зиян келген кезде басталады. Мысалы, адамның еркін жүріп-тұруына шектеу қою, жеке өміріне қол сұғу немесе психологиялық қысым көрсету жағдайында.
Сталкинг жағдайына дап болсаңыз, қауіпсіздік жоспарын ойластырыңыз:
- Қудалаушымен кез келген қарым-қатынасты тоқтатыңыз, жеке деректерге қолжетімділікті шектеңіз; жақындарыңызды, әріптестеріңізді, көршілеріңізді қудалауға ұшырағаныңыз туралы хабарлап, қолдау мен көмек көрсетуге келісіңіз; мүмкіндік болса, күнделікті жүретін бағыттарыңызды, үйден шығу уақытын өзгертіңіз, орныңыз туралы бөгде адамдарға хабарламаңыз; жедел қызметтердің нөмірлерін телефонның тез қоңырау бөлімінде сақтаңыз; шынайы қауіп болса – алдын ала тез бара алатын қауіпсіз орынды белгілеңіз (туыстар, достар, дағдарыс орталықтары).
- Қудалаудың әрбір дерегін тіркеп отырыңыз:
- хабарламаларды, қоңырауларды, дауыстық жазбаларды, скриншоттарды, хаттарды, әлеуметтік желілердегі пікірлерді сақтаңыз; аңду болған жағдайда – мүмкіндігінше фото немесе бейне түсіріп, куәгерлерді тартыңыз; Полицияға хабарласыңыз:
- егер сіз қудалауға, аңдуға немесе жүйелі мазалау әрекеттеріне ұшырасаңыз – 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз;
- өтініш бергенде барлық жағдайларды толық сипаттап, куәгерлерді көрсетіп, бар дәлелдерді қосыңыз;
- жеке барып өтініш жасаған кезде сізге бірегей нөмірі бар талон-хабарлама берілуі тиіс.