
Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа сервистік моделі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы үш өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асыруда.
Пилоттық жоба оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәртібін өзгертпейді. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар азаматтардың барлық құқықтары толық сақталады. Техникалық оңалту құралының пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін азаматтар бұрынғыдай Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен жаңа құралды өз бетінше таңдай алады.
Жаңа сервистік модель бойынша оңалтудың техникалық құралы бұзылған жағдайда азамат жөндеу кезеңінде қажетті құралсыз қалмайды. Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгінгеннен кейін мамандар әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады, қажет болған жағдайда айырбастау қорынан дәл сондай жұмыс істейтін құралды уақытша береді.