
Павлодар облысында мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Азаматтарды ақпараттандыру құралдарының бірі – облыс бойынша 1734 нысан туралы мәліметтерді қамтитын «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының Интерактивті қолжетімділік картасы.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әлеуметтік қорғау саласындағы ашықтықты арттыру және мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат алудың ыңғайлы тетігін қалыптастыру мақсатында әзірленді.
Интерактивті карта пайдаланушыларға мүгедектіктің әртүрлі санаттарын ескере отырып, қолжетімділік деңгейі туралы ақпаратпен танысуға және қажетті мекемелер мен ұйымдарға баруды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Нысандар туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар алты критерий бойынша енгізіп, тұрақты түрде жаңартып отырады: кіреберіс тобының қолжетімділігі, қозғалыс жолдары, қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, ақпарат және телекоммуникация құралдары, сондай-ақ іргелес аумақтың қолжетімділігі.
Бағалау нәтижесі бойынша әр объектіге мына мәртебелердің бірі беріледі: «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімді емес» немесе «мәліметтер жоқ».
Тіркелген пайдаланушылар үшін объектілердің бейімделу сапасын бағалау, пікірлер қалтырып фотосуреттерді жүктеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде қоғамдық бақылауды дамытуға және кедергісіз ортаны құру бойынша жүргізілген жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етеді.