
2026 жылғы 3 маусымда Павлодар облысы Кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің бастамасымен «Д.Д. Махмұдов атындағы Павлодар қаласының Трамвай басқармасы» АҚ-да әлеуметтік және еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтардың өзекті мәселелерін түсіндіруге арналған диалог алаңы өтті.
Кездесуге қатысушыларды құттықтаған Павлодар облысы Кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова әлеуметтік және еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтарды әрбір қызметкерге жеткізудің, еңбек жанжалдарының туындауына жол бермеудің және еңбек дауларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Диалог алаңының спикерлері ретінде Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанар Уызбаева, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Айгүл Абуталипова, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалының бас маманы Наурыз Бұлтыков, халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Валентина Сафронова шақырылды.
«Д.Д. Махмұдов атындағы Павлодар қаласының Трамвай басқармасы» АҚ ұжымымен кездесу барысында спикерлер әлеуметтік және еңбек заңнамасындағы жаңа нормаларды түсіндірді.
Кездесуге қатысушылардың әрқайсысына сөз сөйлеп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға және жан-жақты жауап алуға мүмкіндік берілді.
«Пікір алмасудың конструктивті сипаты мен заңнамадағы жаңашылдықтарды білікті түрде түсіндіру – құқықтық білім деңгейін арттыруға ықпал ететін өзекті әрі уақытылы іс-шара», – деп спикерлер мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, құрылыс кешені және қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Нелли Каримова.