2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін арттыру туралы

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін арттыру туралы

 

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай көрсеткіштер белгіленген:

Айлық есептік көрсеткіш мөлшері (АЕК) -2 917 теңге;

Зейнетақының ең төмен мөлшері – 43 272 теңге;

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 18 524 тенге;

Ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері -34 302 теңге.

Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалды және 42 500 теңгені құрайды.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерінен 7% арттыру жүргізіледі.

2021 жылда жаңадан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс айлық есептік көрсеткіштің 46 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс (134 182 теңге).

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып арттырылады.

Мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылардың мөлшері, соның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын және түзету мекемелеріндегі тұлғаларға «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы N 126 Заңының 12 және 16 баптарында көрсетілген мөлшерде белгіленеді.

№1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, төрт және одан да көп бірге тұратын жасы кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру мекемелерін аяқтайтын уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылардың мөлшері 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің көбеюіне байланысты арттырылады.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға, мемлекеттік жәрдемақының, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып арттырылады.

Бала туылғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері төртінші балаға дейін 110 846 (38*АЕК) теңге, ал төртінші баладан жоғары 183 771 (63*АЕК) теңгеге дейін, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне берілетін ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:

бірінші балаға-16 802 (5,76 АЕК) теңге;

екінші балаға- 19 865 (6,81 АЕК) теңге;

үшінші балаға- 22 899 (7,85 АЕК) теңге;

төртінші балаға- 25962 594 (8,90 АЕК) теңгені құрайды.

Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілеттілігінен айрылуына байланысты, асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшері 5-%-ға арттырылады.

 

 

 

Еңбек, әлеуметтік қорғау

және көші-қон комитетінің

Маңғыстау облысы бойынша

департаменті