2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығымен бекітілген стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің жаңартылған стандарттары күшіне енді. Бұл өзгерістер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңартылған стандарттар, мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанындағы стационарлық үлгідегі ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасына, көлеміне және шарттарына нақты талаптар белгілейді.
Атап айтқанда, осындай ұйымдардан қабылдау, ұстау, шығару (шығарып жіберу), уақытша шығу және ауыстыру шарттары айқындалған. Бұдан басқа, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензиялар беру қағидаларына өзгерістер енгізілді, бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейтті.
Жаңартылған стандарттарға сәйкес стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтердің мынадай түрлері ұсынылады:
әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер-тұрғын үймен, тамақпен, киіммен және басқа да қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету;
әлеуметтік-медициналық қызметтер-медициналық көмек көрсету, профилактикалық іс-шаралар жүргізу, медициналық бақылауды ұйымдастыру;
әлеуметтік-психологиялық қызметтер-психологиялық қолдау көрсету, консультациялар мен тренингтер өткізу;
әлеуметтік-педагогикалық қызметтер-білім беру және дамыту іс-шараларын ұйымдастыру, білім алуға жәрдемдесу;
әлеуметтік-еңбек қызметтері-жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік оқыту мен қайта даярлауды ұйымдастыру;
әлеуметтік-мәдени қызметтер-бос уақытты ұйымдастыру, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу;
әлеуметтік-экономикалық қызметтер-қызмет алушылардың өмір сүру деңгейін қолдау және жақсарту;
әлеуметтік-құқықтық қызметтер-заң көмегін көрсету, қызмет алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
2025 жылғы 23 наурыздан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға бағытталған қосымша өзгерістер күшіне енді. Олардың ішінде қызмет алушылардың өз бетінше тұруы үшін жағдай жасау, туыстарымен, достарымен және мамандарымен телефон байланысы немесе интернет желісі арқылы байланысу мүмкіндігін беру, хаттарды жазуға және оқуға көмек көрсету, сондай-ақ хаттарды интернет желісі арқылы жіберу.
Стационарлық жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында жаңа стандарттар мен қағидаларды енгізу мемлекеттің әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылысын айғақтайды. Бұл саланы одан әрі дамыту көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге, олардың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады деп күтілуде.
Осылайша, стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы жаңартылған заңнама Қазақстанның әрбір азамат қажетті қолдау мен қамқорлық алатын неғұрлым әділ және инклюзивті қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді.