18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші адамдарға жәрдемақы тағайындау туралы

18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар  баланы тәрбиелеуші адамдарға жәрдемақы тағайындау туралы

ҚР Әлеуметтік кодексінде  мүгедектігі бар  баланы тәрбиелеуші әкесіне немесе анасына, асыраушысына, қамқоршысына ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындау көзделген.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген шетелдіктерге беріледі.

Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 110-тармақшасына сәйкес,  мүгедектігі бар бала - тыныс-тіршілігінің шектелуіне және әлеуметтік жағынан қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам болып саналады.

         Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы тұрғылықты мекен-жайы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" бөлімшесіне өтініш берілген күннен бастап мүгедектік туралы анықтамада көрсетілген баланың барлық мүгедектік кезеңіне тағайындалады.

          Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны "электрондық үкіметтің" веб-порталымен өтініш жасау арқылы тағайындауға болады.

Балаға мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш беруші осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне жүгінеді.

Балаға (балаларға) мүгедектік белгілеген кезде көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша «Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік қызметі «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетіледі.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш ұсыну  проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындау кезінде талап етілмейді.

   Асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасыларға жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгiлеу туралы шешiм қабылданған күннен бастап тағайындалады.

 Отбасында екі және одан көп мүгедек бала тұрып жатқан жағдайда,  жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы баланың отбасы табысына қарамастан  төленеді.

 

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейі (бұдан әрі-ЕТКД)  1,61 мөлшерінде ай сайын  төленеді.

        01.01.2025ж.  бастап жәрдемақының мөлшері  (2025ж.ЕТКД 46228т* 1,61)  74428 теңгені құрайды.

        Жәрдемақыны  төленуін тоқтату үшін келесі жағдайлар негіз болып табылады:

1)    мүгедектігі бар баланың қайтыс болған жағдайда; 

2)    мүгедектігі бар баланы мемлекеттің толық қамсыздандыруы айқындалғаны жағдайда;

3)    жәрдемақының заңсыз тағайындалуына алып келген дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда;

 4) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген жағдайларда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою, қорғаншыларды (қамқоршыларды) өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету жағдайларда.

Жәрдемақы тағайындау мерзімі Мемлекеттік корпорацияда барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш тіркелген күннен бастап немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайды.

 

Халықты әлеуметтік қорғау

саласындағы реттеу және бақылау

комитетінің Қызылорда облысы

бойынша департаменті