ҚР «Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексінің» (бұдан әрі-Кодекс) 1- бабы 107- тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту – мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршіліктің шектелуін еңсеруіне жағдай жасауға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешені.
Кодекстің 157- бабы 1-тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – жеке бағдарлама) мүгедектік белгіленген мерзімге мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін бағалау негізінде әзірленеді және ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен организм функцияларын қалыптастыруға, дамытуға, қалпына келтіруге және (немесе) организмнің бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларының орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтік, кәсіптік шаралар кешенін қамтиды.
Кодекстің 162-бабы 2- тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес есту протезі көмегімен, протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
Аталған баптың 3-тармағына сай, протездік-ортопедиялық көмек протездеу, мүгедектігі бар адамдарды жеке тапсырыстар бойынша дайындалатын протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бойынша медициналық қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
Стационарлық протездеуге және (немесе) протездеуге баруға байланысты шығыстарды төлеу уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
Кодекстің 163-бабы 1-тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға жеке бағдарламаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жеке көмекшінің және (немесе) ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.
Осы баптың 2- тармағы бойынша жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
Жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға осы Кодекстің 187-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды.
Аталған баптың 3- тармағына сәйкес, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтері уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жылына алпыс сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
Осы баптың 4- тармағына сай, мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жеке көмекшіні және (немесе) ымдау тілі маманын таңдауды жүзеге асырады.
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеуді жергілікті атқарушы органдар кепілдік берілген сома шегінде жүргізеді.
Кодекстің 164-бабы 1- тармағына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен стационар, жартылай стационар жағдайларында және үйде көрсетіледі.
Аталған баптың 2- тармағы бойынша мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды осы Кодекстің 135-бабына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілер жүзеге асырады.