Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Сол себепті де мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру және нығайту болып табылады.
Мемлекеттік қызметті атқару – жоғары моральдық жауапкершілік пен кәсіби білімді талап ететін қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру. Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметші адалдығымен және белсенді өмірлік ұстанымымен ерекшеленіп, мемлекеттік қызметтегі жұмысының маңыздылығын түсіне отырып, өз елінің патриоты болуға, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті. Ол туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде айқындалған, онда: «мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды» делінген.
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Бұл қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперде ұстап, еш уақытта ұмытпауы тиіс. Себебі, ұлт мәртебесін көтеретін, ел беделін асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты әрі абыройлы міндет.
Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастырудың маңыздылығы-мемлекеттік қызметші-мемлекеттің тұлғасы.
Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру бойынша нәтижеге барынша қол жеткізу үшін, мемлекеттік қызмет оның қатарына ең лайықты мамандардың өтуі үшін, бәсекеге қабілеттілігі жоғары қызметтің ең тартымды және беделді салаларының біріне айналуы қажет деп санаймын. Мемлекет Басшысы атап өткендей: «Сапа» мемлекеттік қызметшінің жаңа өмір салты, ал өзін – өзі жетілдіру-оның басты қағидаты болуы тиіс.
Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты.
Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан, қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүктеме де, сенім де өсіп келеді.
Мемлекеттік қызметте, негізінен, азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөлге ие. Себебі жан-жақты, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Алдымен қызметшілер заңды жақсы білуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет — халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет ету. Сонда ғана еліміз дамыған елдердің қатарына енеді, жастарымыз бәсекеге қабілетті болады.