Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі туралы

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі туралы

Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің білдіруі болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш – жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсап, өз Отаны - Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенім білдіреді.

Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын ұстануға және оны дәйекті түрде іске асыруға тиіс. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне негізгі талаптарды белгілейді, сондай-ақ олардың мінез-құлқының базалық стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Кодекс, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың басшылары Кодекс талаптарының орындалуын, Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерлерге орналастыруды қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік қызметшілер: Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, қабылданатын шешімдердің заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етуге, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты шешімдерді қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін әрекеттерге төтеп беру, қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға міндетті.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта: жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін, масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, қарапайымдылық танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өз тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс. Қоғамдық имандылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғумен ұштасатын заң талаптарының, және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тартпауға тиіс.

Тәртіптік жаза қолдану және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» жаңа редакциясы бекітілді.

Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болады. Сондай–ақ, мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттары-адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылығы айқындалды. Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар көзделген.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жазаны қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу, тәртіптік комиссияның материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешімдерді қабылдау мерзімдері нақтыланды.

Сонымен қатар, Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және беделін түсіретін теріс қылықтар жасағаны үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің орынбасарларының, облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандары мен қалалардағы аудандардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалар әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ облыстар әкімдері аппараттары басшыларының тәртіптік жауаптылығын қарау өкілеттігі берілген.