«Мүгедектігі бар тұлғалардың құқығы сақталуын қамтамасыз ету – басты назарда»

«Мүгедектігі бар тұлғалардың құқығы сақталуын қамтамасыз ету – басты назарда»

Кез келген мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын мәселелердің бірі-  мүгедектігі бар тұлғалардың қоғамдағы орны мен оларға деген қоғамның көзқарасы.

Ұзақ уақыт бойы біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлуге экономикалық жағынан мүмкіндік болған жоқ. Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінгі таңда мүгедектігі бар тұлғаларға қамқорлық жасау маңызды ұлттық мәселеге айналды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғысынан қарқынды даму жолында мүгедектігі бар адамдардың құқығы мен тең мүмкіндіктерін, әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында барлық құқықтық алғы шарттар тиісті заңнама нормаларымен белгіленді.

2005 жылы «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданды, 2008 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» қосылып, 2015 жылы оны ратификациялады. Қазіргі уақытта аталған Конвенцияға 175 мемлекет пен Еуроодақ елдері қосылған.

Бұл дегеніміз, Қазақстанның мүгедектердің құқықтары жөніндегі халықаралық нормаларды қатаң сақтау және олардың орындалуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алғандығының айғағы.

Қабылданған шаралардың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен етене араласып енуіне және оларға кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасау.

Күнделікті өмір-тіршілігімізде, көшеде, қоғамдық көлікте, мерекелік шараларда, театрлар мен стадиондарда, басқа да орындарда мүгедектердің көптеп кездесуі - оларға қоғамымызда қаншалықты кедергісіз орта қалыптастырылғанның көрінісі болып табылады. Жай сөзбен айтқанда, мүгедек жандардың үйде отырмай, елмен еркін араласуына, еркін қызмет алуына жағдай жасау баршамыздың қоғам алдындағы міндетіміз.

Елімізде мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы ұлттық стандарттар ретінде,  әлемдік озық тәжірибе негізінде, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің 29.12.2014 ж. №156-НҚ бұйрығымен ҚР ЕЖ 3.06-101-2012 ж «Ғимараттар мен имараттарды халықтың шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» Ережелер жинағы мен ҚР ҚН 3.06-01-2011 «Мүмкіндігі шектеулі топтар үшін ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігі» Құрылыс нормалары бекітілген.

 «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңының 25-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi және аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс.

Сонымен қатар, аталған баптың төртінші бөлігінде лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соғатындығы қаралған.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабының бірінші бөлігі 1) және 2) тармақшалары бойынша  мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етпеу және мүгедектердің мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу түрінде мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Жоғарыда аталған Заңның 37-бабына сәйкес, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды өңірімізде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (әрі қарай - Департамент) тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау шараларын жергілікті жерде жүргізу үшін 2016 жылдан бастап Департаменттің құрамында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі ашылып, қызмет атқарып келеді.

Аталған бөлім міндетіне негізінен мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету заңнамасының сақталуына бақылау жүргізу жатады.

Бөліммен 2020 жылы барлығы 42 обьектіге қатысты профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, қорытындысымен мүгедектердің қолжетімділігі бойынша 124 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар беріліп, заңбұзушылықтар толығымен жойылған.

 Жоспардан тыс тексеру нәтижесімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 83 бабы 1-тармағы 1-тармақшасы бойынша  198825 теңгеге 3 айыппұл салынып, бюджетке төленген.

           2021 ж. 9 ай қорытындысымен 16 объектіге қатысты профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексерулер нәтижесімен мүгедектердің қолжетімділігі бойынша 35 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар берілді.

Жоспардан тыс тексеру нәтижесімен 72925 теңгеге 1 айыппұл салынып, төленген.

Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуде және кедергісіз орта құруда қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өте маңызды роль атқарады.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының аясында, 2021 жылы Қызылорда облысы бойынша бейімдеуге жататын 258 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарынын қазіргі уақытта 208 мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына толық бейімделген, қалған 50 нысандар бойынша бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл бағытта «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыс бойынша әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарының қамтамасыз етілуіне қоғамдық бақылау жүргізетін «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының белсенді қызметін атап өтуге болады.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалымен жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша Департаментпен ағымдағы жылы 13 объектіге  қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Тексерулер нәтижесінде мүгедектердің қолжетімділігі бойынша 9 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар беріліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 83 бабы 1-тармағы 1-тармақшасы бойынша  364625 теңгеге 5 айыппұл салынып, бюджетке өндірілді.