«Қолжетімді Қазақстан» интерактивті картасы таныстырылды

«Қолжетімді Қазақстан» интерактивті картасы таныстырылды

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері 2021 жылғы 18 ақпанда Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Қолжетімді Қазақстан» жобалық командасымен бірлесіп ұйымдастырылған «Қолжетімді Қазақстан»интерактивті картасының таныстырылымына қатысты. Сонымен қатар, таныстырылымға «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының, Қызылорда облысының мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау басқармасының, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің, «Арал балалары» Қоғамдық қоры мен Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

«Қолжетімді Қазақстан» картасын жоба үйлестірушісі, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру Кеңесінің мүшесі З.Бегалиева таныстырды.

З. Бегалиеваның хабарламасы бойынша «Қолжетімді Қазақстан» интерактивті картасындағы мәліметтерде объектілердің фотосуреттері, объектінің қолжетімділігі туралы бейне және мәтінді жазбалары, объект төлқұжаты көрінеді. Аталған карта контентінде қолжетімді, жартылай қолжетімді және қолжетімді емес объектілерінің республика, өңір, елді мекен бөліністеріндегі саны мен мүгедектіктердің санаты мен ұтқырлығының төмендігі бойынша ақпараттарды енгізуге болады. 

Алдағы уақытта «Қолжетімді Қазақстан» жобасының командасы Қызылорда қаласының әкімдігімен бірлесіп, Қызылорда қаласы бойынша 3200 объектінің деректерін енгізу арқылы ұтқырлығы төмен топтағы халықтың әрбір объектінің қолжетімділік жағдайы бойынша ақпараттылық деңгейін көтеруді көздеп отыр.

Кездесу барысында Департаменттің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Б. Накиповтың профилактикалық бақылауға жататын объектілер тізімін қалыптастыру кезінде «Қолжетімді Қазақстан» интерактивті картасының деректерін қолдануға мүмкіндік беруді регламенттейтін толықтыруларды тиісті заңнамалық актілерге енгізу туралы білдірген ұсынысы барлық қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Таныстырылым соңында кездесуге қатысушылар аталған жобаны тәжірибеге енгізу мәселесі бойынша пікіралмасты.