
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі А.Маханова 30.06.2026 жылы Қызылорда "Қоғам ТВ" телеарнасындағы «Мезгіл мәселесі» бағдарламасында «Мемлекеттік қызметтегі әдеп, мінсіз бедел және «Адал азамат» қағидаттары туралы тақырыбында сұхбат берді.
Сұхбат барысында Әдеп жөніндегі уәкіл А.Маханова бағдарлама жүргізушісінің мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттері мен қағидаттарына қатысты сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Ол мемлекеттік қызметтің басты құндылықтары – заңдылық, адалдық, әділдік, ашықтық және кәсібилілік екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдар жүйесінде Әдеп жөніндегі уәкілдердің атқаратын рөліне кеңінен тоқталып, олардың мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ұжымдағы моральдық-этикалық ахуалды нығайтуға бағытталған жұмыс жүргізетінін түсіндірді.
Бұдан бөлек, спикер мінсіз беделді мемлекеттік қызметшінің бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын айта келе, әрбір мемлекеттік қызметшінің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғам сенімін ақтауы қажет екенін ерекше атап өтті.
Сұхбат соңында ол мемлекеттік қызмет саласында «Адал азамат» қағидатын ілгерілетудің мәніне тоқталып, бұл бастама адалдық, әділдік және халыққа қызмет ету идеяларын нығайтуға бағытталғанын жеткізді.