
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2025 жылғы 19 желтоқсанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары А.Сагимбаева бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді.
Брифингте 01.01.2026ж. бастап зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері мөлшерінің арттырылуы туралы баяндалды.
Қазақстан Республикасында инфляция деңгейін ескере отырып, жыл сайын зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің мөлшері арттырылуда.
Зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін арттыру тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің және ең төменгі күнкөріс дегейінің мөлшерінің өзгеруіне қарай жүзеге асырылады.
«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап :
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4325 теңге;
ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 50851 теңге;
ең төменгі жалақы – 85000 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 69049 теңге;
базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35596 теңге мөлшерінде белгіленді.
Жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10%-ға арттырылады. (Облыс бойынша зейнетақы алушылардың саны-89550 адам)
Сонымен қатар, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 216260 теңгеден 237875 теңгеге (55 АЕК) көбейтіледі.
1- қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Яғни, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 35596 теңгені құраса, ал ең жоғарғы мөлшері 60005 теңгені құрайтын болады.
Бұл жаңадан тағайындалған зейнеткерлерге және 01.01.2026 ж. дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
01.01.2026ж. бастап АЕК-пен есептелетін жәрдемақы төлемдері мөлшерінің артуына (4325т) байланысты бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы және ай сайынғы бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің мөлшері де көбейетін болады.
Атап айтқанда: бірінші, екінші және үшінші бала туылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері (38-АЕК) 01.01.25ж. 149416 теңгені құраса, 01.01.26ж. бастап 164350 теңгені құрайды немесе 14934 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда (63-АЕК) 247716 теңгеден 272475теңгеге немесе 24759 теңгеге артады.
Ал, бала біржарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері тууы кезектілігіне байланысты 01.01.26ж. бастап бірінші балаға -24912 теңге, екінші балаға - 29454 теңге, үшінші балаға - 33952 теңге, төртінші және одан да көп бала туылғанда 38493 теңгені құрайды.
Сол сияқты, АЕК (4325т.)мөлшерінің ұлғаюына байланысты бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де арттырылады.
Бұл жәрдемақылардың мөлшері балалар санына қарай сараланып ұлғайтылады.
Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасыларға 69330теңге, 5 балаға – 86673теңге, 6 балаға – 104017 теңге, 7 балаға- 121360 теңге, 8 балаға - 138400теңге, 9 балаға-155700 теңге, 10 балаға- 173000 теңге және одан әрі жәрдемақы мөлшері бала санына қарай өзгереді.
Жаңа жылдан бастап «Күміс алқамен» марапатталған аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысының мөлшері 27680 теңгені, ал, «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 32005 теңгені құрайды.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ЕТКД (50851теңге) мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейеді.
(Облыс бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны-25364, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алушылардың саны -9721 құрайды).
Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) және бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын адамға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ЕТКД (50851теңге) мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады. 01.01.2026ж. бастап бұл жәрдемақылардың мөлшері 81871 теңгені құрайды. (аталған төлемдерді алушылар саны- 8662)
Сонымен қатар, бұрынғы жеңілдіктер орнына берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің мөлшері АЕК (4325тг.) мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.
Жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақының мөлшері 151375 теңгені құрайды.
Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жаңа мөлшерде төлеу үшін қажетті қаражат республикалық бюджетте толық көлемде көзделген.
Бұл төлемдердің уақытылы және тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Облыс бойынша 290,1 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың төлем мөлшерін қайта есептеу жұмыстары автоматты түрде жүргізілді.
01.01.2026ж. бастап барлық төлем алушыларға көбейтілген мөлшердегі төлемдері төленетін болады.